«Мен әрқашан да өсуге ұмтылатынмын»: Kolesa Group сервисі тимлидінің әңгімесі
IT-ге қалай келгені, қалай тимлид болғаны, сондай-ақ қателіктер және сынақтар жайлы мақала
Жәмилә Кенжеәлі — Kolesa Group жобаларын қолдау қызметінің (ЖҚҚ) тимлиді. Krisha.kz ішінде «Жаңа құрылыстар» өнімінде жұмыс істейді. Ол және оның командасы пайдаланушыларға бастапқы тұрғын үй бойынша консультация береді, сондай-ақ олардың сұрауы бойынша тұрғын үй кешендерін (ТК) таңдап береді.
Осы мақалада Жәмилә өз хикаясын баяндап берді: IT-ге қалай келгенін, қалай тимлид болғанын, сондай-ақ өз жолындағы қателіктермен және сынақтармен бөлісті.
Мен 28 жастамын. Жамбыл облысы, Қордай ауылында дүниеге келдім. Алматыға жоғары білім алу үшін келдім. Narxoz университетін әлеуметтік-мәдени бағыт бойынша тәмамдадым. Мен өз мамандығым бойынша жұмыс істеп, өз ісінен ләззат алатын адаммын.
Әлеуметтік-мәдени сервиске туризм саласы да кіреді. Тәжірибе кезінде және әрі қарай туризмде жұмыс істегенде мен түрлі адамдармен тіл табысуды үйрендім. Университеттен кейін бірден Visit Almaty ақпараттық орталығына жұмысқа тұрдым. Әуежайдағы нүктеде жұмыс істедім — туристтерді қарсы алатынмын. Қала туралы айтып беретінмін: нені көруге, қай жерлерге баруға болатынын айтып, бейімделуге көмектесетінмін. Жұмыс бірқалыпты болды. Ол жерде 8 ай жұмыс істедім де, әрі қарай даму үшін басқа салаға кетуді жөн көрдім.
«Ресепшн қызметкерінен сату жөніндегі менеджерге дейін өстім»
Келесі жұмыс орным Almaty City Tour туристтік фирмасы болды. Басында ресепшн қызметкері лауазымына келдім: ішкі құжаттамамен және түрлі елдерден келген туристерге бастапқы ақпарат берумен айналыстым. Жарты жыл өткен соң сату жөніндегі менеджер вакансиясы ашылды, соны істеп көрейін дедім. Бұл қисынды болды: себебі кеңсеге келген клиенттерге консультация беріп жүретінмін. Тек сату саласына терең үңіліп, бүкіл KPI мен жоспарларды жасау керек болды. Тез түсініп, туристтермен жұмыс істей бастадым. Жеке турлар ұсындым, бағыт құрып, әрдайым тиісті нәтижеге қол жеткізіп жүрдім. Бұл жемісті екі жыл болды.
2020 жылы пандемия басталды. Шекара жабылып, туристтер саны азая бастады, сөйтіп бұл саладан кетуді жөн көрдім.
«Тәжірибе жинап, оны басқалармен бөліскім келді»
Kolesa Group жайында Нархоздағы вакансиялар жәрмеңкесінде білдім. Компания мәдениетінің маған келетіні көрініп-ақ тұрды. Мен тіпті бөлімдердің біріне сұхбаттан өттім, бірақ жұмыс кестесі менің сабақ кестеммен сәйкес келмеді, сөйтіп бұл арманымды кейінге қалдыруға тура келді.
2020 жылы шілдеде екінші мүмкіндік берілді. Мен ЖҚҚ командасына алындым. Маман лауазымында жұмыс істеп жүріп, Krisha.kz өнімінің барлық бағытын «Жаңа құрылыстардан» бастап «Крыша Агенттерге» дейін көріп шықтым. Күшті тәжірибе алған соң әрі қарай өскім келетінін, командама және өнімге көмектескім келетінін түсіндім. Ішкі сұхбаттасудан өтіп, тимлид болдым.
Ол кездері қазіргідей курстар болмайтын. Қазір біз мамандарды оқытамыз: әрқайсысының жеке даму жоспары (ЖДЖ) бар. Сондай-ақ болашақ тимлидтерді де алдын ала дайындаймыз. Мен нені оқып, не нәрсеге дайындалу керектігін өзім қараған едім. Сервис тимлидтеріне барып, олар қандай қиындықтарға тап болатынын сұрадым. Олармен сөйлескеннен кейін, мен не істеу керектігін түсіндім.
Бір позицияда жұмыс істеудің еш жамандығы жоқ. Бірақ уақыт өте келе, тапсырмалардың бәрін білген соң, бәрін жасай алған соң процесске одан да үлкен нәрсені қосқым келді. Жұмыс орындарымның бәрінде мен әрдайым өсуге талпынып жүрдім.
«Бастысы — командамен коннект»
Менің Krisha.kz командамда – 9 адам. Олардың ішінде бірге жұмыс істегендер де, кейін өзім жұмысқа алғандар да бар. Олар өз жұмыстарын жақсы біледі. Күн сайын олар әртүрлі клиентпен жұмыс жасайды, әрқайсысымен тіл табысып, армандаған пәтерлерін таңдауға көмектеседі.
«Жаңа құрылыстарда» негізінен бастапқы консультациямен айналысамыз. Бұл «жылы» қоңыраулар: адамдар сайттан өздеріне ұнаған ТК-ні өздері тауып, өтінім қалдырады, ал біздің міндетіміз – оларға қажетті ақпарат беріп, қолдау көрсету.
«Крыша Агенттер» өніміндегі жұмыс сатуға көбірек келеді. Мұнда біз пәтер сату туралы хабарландыру берген клиенттермен байланысамыз. Қызметтеріміз жайында айтамыз, кәсіби фото жасап, көрсетуді ұйымдастыруға кеңес береміз және т.б. Сату процесін қадағалап тұрамыз және бір нәрсе дұрыс болмай бара жатса, көмектесуге дайынбыз.
Менің негізгі міндетім – командамен жұмыс. Жайлы атмосфераны сақтаймын, әріптестеріме көмектесемін. Айына бір рет командамдағы әрбір адаммен тет-а-тет кездесемін, айына екі рет жеке даму жоспары (ЖДЖ) бойынша кездесу ұйымдастырамын. Басында, тәжірибемнің жоқтығынан, бұл кездесулерді жұмыс нәтижелерін талдауға арнап жүрдім. Уақыт өте келе әріптестеріммен коннект жасауға көбірек көңіл аудара бастадым. Команданың жұмыстан тыс кездегі өмірін де сұраймын. Өз қызығушылықтарыммен, шаруаларыммен де бөлісемін.
Менің міндеттерімнің бірі – әріптестерімді өсіру, олардың ЖДЖ жүзеге асыру. Біз жоспарлы түрде кездесіп тұрамыз, ол жерде әріптестерімнің тапсырмалар бойынша жетістіктерін талқылап, нені жақсартуға болатынын қараймыз.
«Өнім мен команданың дамуына қосқан үлесіңді көріп қуанамын»
Жұмыста маған өнімге әсер етуге болатыны көбірек ұнайды. Біз әрдайым клиенттермен байланыста боламыз, олардың кері байланыстарын өңдейміз. Бытыраңқы фактілерден идеялар туындайды, оларды біз пайдаланушыларға ыңғайлы ету үшін өнімдік командаға ұсынамыз.
Бір мысал – біз Krisha.kz өнімінде қандай сүзгілердің болатынын шешуге көмектесеміз. «Жаңа құрылыстар» бөлімінде жаңа ипотекалық бағдарламалар пайда болады. Менің командамдағылар сұраныстың көптігі туралы бірден хабарлайды. Пайдаланушы әрбір ТК басып, ол жерде өздеріне қажетті ипотекалық бағдарламаның бар-жоғын қарап отырмауы үшін біз сүзгі
жасадық. Енді клиенттеріміз өздеріне қажетті ТК-ні бірден таба алады.
Оған қоса командамдағы адамдардың компания ішінде әртүрлі бағыт бойынша қалай дамып жатқанын көру де қуаныш сыйлайды. Сервис талдаушысы болады немесе тимлид болып өседі. Командамның өсіп жатқанын көргенде және оған үлес қосып жатқанымды көріп қуанамын.
«Көшбасшы өзіне жауапкершілік алады, бірақ өз беделімен басқаларды тұншықтырмайды»
Тимлидтің басты қасиеті – көшбасшылық. Ол өз командасының көшбасшысы болуы керек, оған
басқалары емін-еркін келіп, өз ұсыныстарымен және ұнамайтын тұстарымен ашық түрде бөлісіп,
шынайы кері байланыс алуы тиіс. Адамдар сөзі далада қалмағанын сезеді. Бағыт беру, бірақ беделімен тұншықтырмау – нағыз өнер. Байланыс орната алу да өте маңызды.
Мен өнімдік командамен, әзірлеушілермен, сервистің жапсарлас бөлімдерімен: пайдаланушыларға қамқорлық көрсету қызметі, сапа аналитикасы, модерация бөлімдерімен байланыс орнатамын.
Жауапкершілік ала білу, шешім қабылдай білу қасиетім өте қажет болды. Тимлид өз жұмысына ғана емес, бүкіл команданың жұмысына да жауап береді. Критикалық жағдайларда сауатты әрекет ете білу керек.
Қателіктерден өзіме сабақ алдым: жетістік саған ғана емес, командаға да байланысты. Әріптестеріңнің қалай өмір сүретінін, немен айналысатынын білу керек. Тұрақты түрде кездесулер өткізіп, бейресми әңгімелесу ұйымдастырып тұру керек.
«Өкілеттігіңді бөліп беру қиын, себебі кәсіпқой еместігіңді көрсеткендей боласың»
Басында өзім жұмысқа басыммен кіріп кеттім, бәрін өзім реттеуге тырыстым. Осылайша мен тимлид болу – жұмысты жақсы білу ғана емес, адамдармен тіл табысу, оларды қолдап, дамыту екенін де түсіндім.
Алғашқы кезде жаңа рөл өте қиын болды. Міндеттерді бөліп беруді үйрену қиын болды. Тимлид болған күннен бастап бәрін өзің жасағың келіп тұрады. Жұмысты басқаларға тапсыру кәсіпқой емес екендігіңді көрсету сияқты болады. Негізінде бұл — қателік. Жұмысты бөліп беру командамен жұмыс жасауға уақытыңды босатады және әріптестерің де өздеріне қосымша жұмыстар алып, үйренеді, дамуға мүмкіндік алады.
Қиындықты жеңуге үлкен әріптестерім көмектесті. Мен енді ғана тимлид болғанда, сервис
директоры Нигараның менторлығынан өттім. Біздің техлидіміз Думан көптеген пайдалы ұсыныстар берді, ал тәжірибесі көбірек тимлидтер сұрақтарыма әрдайым жауап беріп, өз тәжірибелерімен бөлісті.
«Қателіктер – үйрену процесінің бір бөлігі. Олардан қорқудың қажеті жоқ»
IT-де мансабын енді ғана бастап жатқандарға менің негізгі кеңесім — қателесуден қорықпау. Басында өз бетіңмен шешім қабылдау қиын. Бір нәрсені дұрыс істемейтіндей, бәрі жоспар бойынша болмайтындай болып көрінеді. Алайда, қателіктер — үйрену процесінің бір бөлігі.
Сервисте жұмыс істеп жүргендер және өскісі келетіндер үшін жауапкершілік алудан қорықпау маңызды. Тимлид болған соң өзің үшін ғана емес, командаң үшін де жауап бере бастайсың және бұл қорқыныш тудыруы мүмкін. Бірақ жаңа бір нәрсені істеп көруге дайын болу керек. Үйренуге және жаңа сындарға дайын болуға кеңес беремін.
«Менің синьор және басшы болу жоспарым егжей-тегжейіне дейін жазылып қойған»
Сервис саласында әрі қарай да мансап құрғым келеді. Бұл саланың қызықту себебі, адамдардың бәрі әртүрлі болғандықтан тапсырмалар да ешқашан жалықтырмайды. Менің мақсатым – өз бөлімімде басшы деңгейіне дейін өсу, себебі маған Krisha.kz ішкі өнімдерінің бәрі өте ұнайды.
Мен өзімнің бастығым Наргизге кеңес сұрап жиі барамын. Сервисте тимлидтер үшін грейдтер айқын көрсетілген. Қазір мен мидл деңгейіндемін және келесі деңгей – синьорға жетуім үшін жарты жылға жазылған жоспарым бар. Синьор тимлид толығымен дерлік басшының міндеттерін атқарады, сондықтан келесі қадамның осы болатыны анық.