Кері қайту
IT-дегі мансап
11 шілде 2024

Қазақстанда өнімдік IТ-дизайнер болудың жолдары

Product-дизайнердің жұмысы, жаңадан бастап жатқандарға қажетті дағдылар, сондай-ақ кейс пен пайдалы ұсыныстар туралы.

ҚР ЦДИАӨМ деректері бойынша Қазақстанда 2024 жылы 14 мыңнан астам IT-компания бар. Елде IT дамыған сайын дизайнның рөлі де артып келеді. Өйткені дизайн — жай ғана әдемі суреттер емес, бизнес-құрал. Дизайн арқылы бизнес адаммен байланысып, оны өніммен өзара әрекеттесуге тартады. 

Бұл мақалада Kolesa Group компаниясының өнім дизайнері Роман Иминов өзінің жұмысы, жаңадан бастап жатқандарға қажетті дағдылар туралы айтып береді, кейспен бөлісіп, пайдалы ұсыныстар береді. 

Өз жұмысым туралы

Мен Kolesa.kz өнімінде ыңғайлы әрі эстетикалық интерфейстер жасаймын, миллиондаған адамға автокөлік сатып алу мен сатуға көмектесемін. Менің міндетім — проблемаға барынша ену және деректерді негізге ала отырып, адамдарға өнімді пайдаланудың оң тәжірибесін беретін, ал бизнеске пайда әкелетін сценарий жасау. Сондай-ақ менің міндеттеріме жүйенің дизайнын әзірлеу мен жетілдіру кіреді.

Өнім дизайнері деген кім?

Өнім дизайнері — пайдаланушылардың қажеттіліктерін жабатын және бизнес тапсырмаларын орындайтын интерфейстер дизайнын жасайтын маман. Бұл Қазақстанның IT-нарығындағы біршама жас мамандық. IT-компанияда жұмыс істеу үшін product-дизайнер не істей алуы керек

Hard skills

- UX (User Experience) — пайдаланушының қолданбадағы немесе сайттағы тәжірибесі. Күн сайын әртүрлі сервистерді пайдаланыңыз да, олармен қандай әрекеттерді орындаған ыңғайлы екенін талдаңыз.

- UI (User Interface) — пайдаланушы интерфейсі, визуал. Интерфейстерге баға беріп, олардың эстетикалық тұрғыдан неліктен жақсы орындалғанын талдаңыз.

- UX Writing — дизайн-жобаңыздың мәтіндік мазмұны. Пайдаланушы белгілі бір батырма оны қайда апаратынын білуі үшін мәтін түсінікті болуы керек.

- Зерттеулер — олар пайдаланушының мінез-құлқын түсінуге көмектеседі. Өніміңіздің мінсіздігі туралы гипотезалар мен түсініктеріңізді пайдаланушының шындығымен жүйелі түрде салыстырып отырған маңызды.

Soft skills

- командада жұмыс істеу: дизайнерлер фича/өнім құрудың әр кезеңінде менеджерлермен, аналитиктермен, зерттеушілермен, әзірлеушілермен өзара әрекеттеседі;
- өз дизайныңды «сата» алу үшін жақсы презентация дағдылары;
- кері байланысқа бейімділік;
- сұрақ қоя алу;
- эмпатия.

«Хардтар» мен «софттардан» бөлек дизайнерлерге бизнесті де түсінген пайдалы. Өнім аудиториясын білу керек, өнімнің құндылығын бизнес тарапынан түсініп, пайдаланушылардың қажеттіліктерін түсіну керек.

Осы скиллдардың бәрі ыңғайлы әрі пайдалы өнімдерді жасауға ғана емес, сонымен қатар нарықтағы құндылығыңды арттыра отырып, грейдте өсуіңе көмектеседі. Бізде, Kolesa Group-та бұл былай жұмыс істейді: өнімдік және графикалық дизайнерлердің junior-дан senior-ға дейінгі грейдтер торы бар. Біздің әдістемелеріміз, құралдарымыз, грейдпен өсу әзірлеушілердің осы сияқты жүйелеріне ұқсайды. Соның арқасында маманның нақты өсу роадмапы бар.

Осы дағдылардың бәрі шынайы кейсте қалай қолданылатынын көрейік.

Кейс

Kolesa.kz сайтында «Қосалқы бөлшектер» санатына хабарландыру беруді жаңарту

Проблема

100 адамның 89-ы «Қосалқы бөлшектер» санатына хабарландыру береді. Бұл жеткіліксіз. Бұндайда сәтті берілген хабарландырулар саны біз үшін негізгі көрсеткіш болып табылады.

Мақсаты

Сәтті берілген хабарландырулар санын арттыру.

Жұмыс қалай жасалды

1) Бизнесті түсінеміз.
Kolesa.kz сайтындағы «Қосалқы бөлшектер» хабарландыру саны бойынша топ-2 санатқа кіретінін білеміз. Өнімнің көрсеткіштерін талдаймыз.

2) Осы кезеңде бөлшектерде хабарландыру беруді талдаймыз.
Пайдаланушы көзқарасымен қолданбада бәрінің қаншалықты ыңғайлы әрі әдемі көрінетінін анықтаймыз. Ескірген дизайнның барын және пайдаланылмайтын элементтердің барын түсінеміз.

3) Пайдаланушыларды тыңдаймыз.
Зерттеушілер тобынан фидбек аламыз. Олар пайдаланушылармен сөйлесіп, олардың қиналатын тұстары мен қажеттіліктерін анықтайды. Пайдаланушыларға кейбір параметрлер жетіспейтінін және олардың хабарландыруы санаты дұрыс емес көрсетілгендіктен көп жағдайда қабылданбайтынын анықтаймыз.

4) Бәсекелестерге талдау жасаймыз.

Басқа сервистердің дизайны мен функционалын талдаймыз. Қорытындыларымызды дизайн-жобаға енгіземіз.

5) Пайдаланушыны тестілеуге арналған дизайн жасаймыз.
Figma-да барынша ыңғайлы әрі әдемі жоба жасаймыз, оны прототиптейміз, түсінікті мәтіндер жазамыз. Әрі қарай, жобаны зерттеушілерге береміз, олардың қорытындылары мен фидбегін күтеміз.

6) Зерттеушілер ұсынған пайдаланушылардың кері байланысын ескере отырып, соңғы дизайнды жасаймыз.

7) Дизайнды ұсынамыз.
Презентация үшін soft skills қосамыз. Кері байланысты байыппен қабылдап, контр-сұрақтар қоямыз.

8) Әзірлеуге береміз.
Әзірлеушілерден кейін релиз жасап, нәтижеге қараймыз.

9) Әзірлеудің келесі кезеңі — осы фичамен не болып жатқанын бақылайтын постпродакшн.
Егер фичаны қайта қарап, қайта жинау керек болса, осының бәрі дизайнға қайта оралады. Өнімді әзірлеу осылай жүреді.

Нәтижесі

1) Пайдаланушыларға хабарландыру беру оңайырақ болды.
2) Хабарландыруды сәтті жариялаудың саны проценттік 3 тармаққа артты.

Бұл нені білдіреді: егер Kolesa.kz-те бүкіл «Қосалқы бөлшектер» аудиториясынан 100 адамды іріктеп алсақ, енді 89 адамның орнына 92-сі осы санатқа хабарламаны сәтті береді.

Ұсыныстар

Мансаптың басында немесе жұмыс орнын ауыстырған кезде дизайнерге портфолио қажет. Мен case study жасауды ұсынамын. Визуалы көп портфолиоға қарағанда, case study сізді кәсіби маман ретінде жақсы таныстырады. Өйткені ол дизайн процесінің өзін сипаттайды – макеттер міндетті түрде сипаттамалармен бірге жүреді.

Case study-ға не жазады:

1. Кіріспе береміз: жоба туралы айтамыз, дизайнер ретінде мақсатымыз бен міндетімізді көрсетеміз.

2. Ағымдағы проблемалар туралы айтамыз: пайдаланушылардың қиналатын жерлерін, интерфейсте қандай проблемалар бар екенін анықтаймыз.

3. Нәтижеге жету үшін не істелгенін жазамыз: бәсекелестерге талдау жасадық, тапсырыс беруші үшін маңызды параметрлерді зерттедік, CJM және пайдаланушылардың портреттерін және т.б. жасадық.

4. Шешімдерді көрсетеміз: визуалыңыз бен оның сипаттамасы.

5. User-тест нәтижелерін береміз: мысалы, 10 пайдаланушының 10-ы жарнама жасау жолынан сәтті өтті және жаңа параметрлер оларға шынымен ыңғайлы әрі пайдалы болғанын атап өтті.

6. Қорытындылаймыз: тапсырма нәтижесінде сәтті жарияланымдар саны проценттік 3 тармаққа артты.

Маңызды: case study-да «біз» орнына «мен» есімдігін қолданыңыз, өйткені бұл сіздің портфолиоңыз. Командада жұмыс істей алу дағдысы – керемет қой, бірақ жұмыс берушіге нақты сіздің үлесіңіз қандай екенін білген маңызды.

Бөлісу